Саясат • 19 Ақпан, 2025

Маңғыстаулық делегация  Тегеран қаласында өткен бизнес-форумда бірқатар келісімге қол қойды

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

16-17 ақпан күндері Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Иран мемлекетінің Ауыл шаруашылығы министрі Ғоламреза Нури Гезелженің төрағалығымен ұйымдастырылған бизнес форумға қатысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстаулық делегация  Тегеран қаласында өткен бизнес-форумда бірқатар келісімге қол қойды

 Аталған бизнес-форумға 50-ден астам қазақстандық кәсіпкер мен 230 ирандық бизнес өкілдері қатысты. Форумның басты мақсаты - өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуетін және екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту болды.Екі жақты кездесу барысында B2B форматында, сондай-ақ келісімге қол қою рәсімі өтті.

Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Маңғыстау облысы мен Иран Ислам Республикасының арасындағы сыртқы сауда -саттық айналымы 42,8 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде: экспорт – 6,1 млн АҚШ долларын, импорт – 36,7 млн АҚШ долларын құрады.

Маңғыстау облысы мен Иран Ислам Республикасының арасында сыртқы сауда айналымын нығайту, экспорттық әлеуеті мен өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың қатысуымен ирандық бизнес өкілдерімен кездесу өтіп, бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Меморандумдар аясында өңдеу өнеркәсібі, жаңа өндірістерді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және теңіз порттарының әлеуетін ұлғайту бағыттары қарастырылды.

Аталған кездесуге, министрмен бірге, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшісі Оңталап Оңалбаев және  «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры Айтмұхамед Алдажаров қатысты.

Сондай-ақ, форум аясында Тілек Жеткізгенұлы мен ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ирандық кәсіпорындардың қызметімен танысты.